[GTranslate position="inline" /]

«Каспий машина жасау компаниясының» арнайы техникасы экспортқа шыға бастады

Ақтауда «Каспий машина жасау компаниясы» өндірген алғашқы арнайы техника партиясы Түркіменстанға экспортқа жөнелтілді. Шетелдік тапсырыс берушіге барлығы сегіз цементтеу агрегаты жіберілді. Зауыттың Маңғыстау өңірінде жасалған өнімі алғаш рет Қазақстан шегінен тысқары жол тартуы -нарықта небәрі екі жыл жұмыс істеп келе жатқан зауыт тарихындағы маңызды белестердің бірі.

«Каспий машина жасау компаниясы» зауыты небәрі екі жыл бұрын ғана құрылса да қысқа мерзім ішінде ішкі нарықта өзінің орынын таба білді. Кәсіпорынның тапсырыс берушілері қатарында, ең ірі ұлттық компаниялар мен мұнай-газ секторының өзге де жетекші ұйымдары бар.

Осы уақыт ішінде зауытта 300-ден астам бірлік техника өндірілді: цементтеу қондырғылары, азоттық және компрессорлық станциялар, жылжымалы бу қондырғылары, жанармай цистерналары, сепараторлар, мұнайды қыздыруға арналған жабдықтар және өзге де арнайы техника.

Зауыттың экспорттық нарыққа шығуы — біздің еңбегіміздің және мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың заңды нәтижесі. Біз Маңғыстау облысы әкімдігі мен Индустрия және көлік министрлігінің нақты көмегін сезініп отырмыз.

Сонымен қатар «KazakhExport» пен «QazTrade» құралдары бойынша жұмыс кездесулері өтіп жатыр. Экспорттық тәуекелдерді сақтандыру, өнімді ілгерілету және жаңа серіктестер табу бағытында практикалық ынтымақтастықты бастауды көздеп отырмыз.

Мемлекет Басшысының өңдеуші сектор экспортына басымдық беру бағыты қазірдің өзінде нақты да тиімді қолдау тетіктеріне айналуда. Осындай қолдау тұрақты түрде жалғасып, кезең-кезеңімен күшейе берсе, компания өндіріс көлемін арттырып, жеткізу аясын кеңейтуге дайын. Бүгінде Әзербайжан, Тәжікстан, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктерінің серіктестерімен келіссөздер жүріп жатыр. Қазақ техникасының осы нарықтарда орнығып, экспорттық әлеуетін кеңейтуге ниеттіміз.

Бүгінгі Түркіменстанға жөнелтілім, қазақстандық зауыттардың өзі ішкі нарық сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, сыртқы нарыққа да нық қадам жасай алатынын көрсетеді. Бұл – кейбіреулердің, елімізді тек шикізат пен аграрлық сала деп қана қарайтын шалағай көзқарастарына берілген нақты жауап. Инженерлік ұжымдар мен өндірістік алаңдар заманауи индустрияны қалыптастырып жатыр, ал оны әрі қарай дамытуға қолдау көрсету аса маңызды.

Кәсіпорын отандық техниканың шетелдік нарықтарда лайықты бәсекеге түсе алатынына сенімді, бұл Қазақстандық сапаны және инженерлік мектебін айқындай түседі.